Колледж 1999 жылы 24 тамызда «ШГЭУ» қоғамдық қоры колледжі деген атпен ашылып, АА сериялы № 0009851 мемлекеттік лицензиясы шектеусіз мерзімге берілді. «ШГЭУ» қоғамдық қоры колледжі 2003 жылы «Болашақ» колледжі, 2017 жылы «Болашақ» жоғары колледжі болып өзгерді.
Құрылтайшы – Қуашбай Саттар, облыстық мәслихат депутаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының және Төлеби ауданының Құрметті азаматы, экономика ғылымдарының докторы, профессор. 1998 жылы «Болашақ» мектебінің, 1999 жылы «ШГЭУ» колледждің негізін қалаушы. Еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдары білім беру саласында алғашқы болып оқытудың жаңаша үздіксіз білім беру жүйесін ұйымдастырды.
Қазіргі таңда «Болашақ» үздіксіз білім беру орталығында «Бала шақ» балабақшасы, «Болашақ» бастауыш, негізгі және орта білім беретін мектебі, «Болашақ» жоғары колледжі, университет пен магистратура жұмыс істеуде. Білім беру орталағында үш тілді жете меңгерту мақсатында 18 мультимедиялық интерактивті және 3 лингофон кабинеттері оқушыларға қызмет етуде.
Колледждің алғашқы директоры «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі», Оңтүстік Қазақстан облысы білім беру ісінің ардагері, ұлағатты ұстаз-ғалым Ергешәлі Мамыраев болды. 1999-2005 жылдары колледждің оқу-әдістемелік құралдары мен оқу-материалдық базасының қалыптасуы кезеңінде басшылық жасап, колледждің алғашқы бітірушілерін дайындауда көп еңбек сіңірді.
Қазіргі таңдағы колледж директоры Жапбарова Гүлжан Айдарханқызы «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», педагогика ғылымдарының кандидаты, 2005 жылдан бастап колледжді басқара отырып, мамандықтар ауқымы мен саласының кеңеюіне, облыста алғашқылардың бірі болып жоғары колледж статусын алуына көп күш-жігер жұмсады. Соның бір айғағы ретінде, 2017-2018 оқу жылынан бастап колледжде қолданбалы бакалавр академиялық дәрежесіндегі мамандар дайындалуда.
Сапалы мамандар дайындау мақсатында оқу материалдық - техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Колледжде 7 оқу ғимараты, кітапхана, оқу залы, акт залы, конференция залы, барлық спорт құралдарымен жабдықталған спорт кешені, ашық спорт алаңы, интернет желісіне қосылған 8 компьютер кластары, 3 лингафон кабинеті, әдістемелік кабинет, 18 мультимедиялық интерактивті тақта қойылған кластар, 200 орындық асхана, 2 дәрігерлік көмек көрсету пункті бар.
Оқу процесін 1 профессор, 2 ғылым кандидаты, 22 магистр, 12 жоғары санатты, 8 бірінші санатты, 2 екінші санатты оқытушылар жүргізеді. Профессор-оқытушылар құрамында 3 қызметкер Қуашбай Саттар, Жапбарова Гүлжан Айдарханқызы, Тобылов Райымбек Садықұлы «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен наградталған. Мамандар дайындауда п.ғ.к. Г.А.Жапбарова, жоғары санатты оқытушылар О.С.Ибрагимова, А.С.Сурашева, Р.С.Тобылов, О.Ж. Утемисов, А.Ж.Туменова, У.С.Бахбердиева, М.И.Балтабаева, П.Д.Жилхайдарова, З.Б.Абдирахманова, С.У.Жорабекова, К.Жетібаева.
Колледжде теориялық білім мен өндірістік практиканы ұштастыра отырып дайындалған білім алушылар «Бала шақ» бөбекжай балабақшасында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы, «Болашақ» мектебінде педагогикалық мамандықтар бойынша практикаларын өтіп өз біліктіліктерін көтеруде. Колледжді бітірген түлектер университетке түсіп одан әрі өз білімдерін жалғастыруда. Медицина, техникалық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша кәсіби іс-тәжірибелерін өткізу мақсатында базалық мекемелер және озық мектептермен ұзақ мерзімдік келісім шарттар жасалған.
Колледж құрылтайшысы Қуашбай Саттар өз тарапынан әр жылы 10-15 тұл жетімдерге, 15-20 тұрмысы төмен отбасы балаларына жеңілдіктер беріп, тегін оқуына жағдай жасайды. Ел арасындағы дарынды балаларды тегін оқытып, өмірден өз орындарын табуына себепкер болуды жанына өмірлік мақсат еткен ғалым-ұстаз осы жылдар аралығында жүздеген балаларға көмек қолын созған.
Профессор Саттар Қуашбай колледжде білім беру жүйесін жаһандық деңгейде ұйымдастыру мақсатында Англияның Стивенэйдж колледжімен танысып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында келісім шарт жасады. Сонымен қатар әлемдік білім жүйесін зерттеу жұмыстарымен айналыса отырып, іссапар барысында Түркияның, Оңтүстік Корея, Жапония, Америка Құрама Штаттары, Нидерланды, Венгрия, Беларусь елдерінің білім беру жүйелерімен танысып, оқу орындарында білім берудің ұйымдастырылуының ең жетік әдістерін «Болашақ» жоғары колледжіне енгізу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Жаңашылдықпен жұмыс істеуді талап ететін колледж құрылтайшысы тарапынан оқытушылар мен қызметкерлердің білімін жетілдіру жұмыстарына, семинар кеңестер мен конференцияларға қатысуына барлық жағдай жасалған. Колледж директорының орынбасары Райымбек Садықұлы Тобылов Түркия елінің балабақша, мектеп, колледж жұмыстарымен танысу мақсатында Стамбул қаласында іссапарда болып, үздік тәжірибелерін колледждің оқу жүйесіне енгізді. Республикалық семинар кеңестерге Астана, Алматы және Көкшетау қалаларына барып қайтқан директордың орынбасарлары Жилхайдарова Перизат пен Жорабекова Саламат оқу үрдісіне жаңашылдық серпін енгізіп, облыста алғашқылардың бірі болып, педагогикалық мамандықтардың қолданбалы бакалаврларын дайындауды енгізді. Облыс көлемінде бірнеше рет әдістемелік семинар кеңестер өткізген «Болашақ» жоғары колледжі оқу үрдісін ұйымдастырудың бірден бір шеберлері жиналған оқу ордасына айналды. Сонымен қатар, республика және облыс көлемінде ұйымдастырылған барлық іс-шараларға, ғылыми конференцияларға колледж оқытушылары мен білім алушылары белсене қатысады. Колледж оқытушылары және оқушылары облыс әкімінің арнайы жүлдесі үшін студенттерінің арасында өткізілген «Цифрлық технология» облыстық байқауында «Үздік аниматор» номинациясына, облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Бесік жыры – тәрбие бастауы» атты облыстық байқауына, ОҚО әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік оқыту шебері» байқауына, ОҚО білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «ХХІ ғасыр-Қазақстанның жұлдызды ғасыры» тақырыбындағы студент жастарының ғылыми конференциясына, «Үш тілді қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар» арасында өткізілген «Тілдарын - 2017» байқауына қатысып жүлделі орындарға ие болды.
Колледждің тәрбие жұмысында патриоттық тәрбие бағытына аса үлкен көңіл бөлінген. Тәрбие жұмысы барысында өз халқының, ұлтының ұлылығын, олардың тіршілік салтының артықшылық - жетістіктерін, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуде ұлттық дәстүрлерді, халықтың Отан қорғау ілімін насихаттау басты мәселе болып табылатындығын ұғыу мақсатында өткізілетін жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі.
«Рухани жаңғыру -болашаққа бағдар" бағдарламасын насихаттау барысында Қазақстан жастарының болашағы қандай болу керек екендігін түсіну үшін арнайы Алматы қаласының М.Әуезов атындағы драмалық театрынан қонақтар келіп өздерінің қойылымдарын көрсетті. Білім алушыларды рухани жанғырудың сипаттау және патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту, Отанын сүюге, елін, жерін қорғауға тәрбиелеу мақсатында «Рухани жаңғыру өскелең ұрпақтың-дара жолы!» атты мерекелік кеш ұйымдастырылып өтті. Мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңі жас ұрпақтың еншісінде болғандықтан сауатты, білімді, бәсекеге қабілетті болуы үшін білім алушылардың арасында «Рухани жанғыру: Білім мен сананың кемелденуі» тақырыбында мамандықтар сайысы ұйымдастырылды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры С.Рүстемова «Бір ел- бір кітап» республикалық акциясы аясында Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» триологиясы бойынша өткізілген «Шырмаулы шежіреден сыр шерткен- «Көшпенділер» атты оқырмандар конференциясына белсене қатысып, төл әдебиетіміздің құнды жәдігерін насихаттауда «Болашақ» жоғары колледжінің білім алушыларына алғыс білдірді. Сондай-ақ «Түркістан екі дүние есігі-2018» атты көркемсөз оқу байқауында бас жүлдені қанжығасына байлады.
«Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Е.Елеукен «Жайдарман» көңілді тапқырлар ойынынан жастардың прогрессивті қоғамына айналғанын, соңғы жылдары біз- республикалық деңгейден, халықаралық деңгейге шығып, күллі түркі халықтарының арасында сүйіспеншілікке ие болғанын жеткізе отырып, «Қазақстан КВН Одағы» өзінің 2018 жылғы «Жарасым маусымы» атты жаңа маусымына «Болашақ» командасына белсене қатысқаны үшін алғысын білдірді.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында жүргізілетін жұмыстар туралы топ тәлімгерлеріне бағыт бағдар беріліп, білім алушыларға «Жасөспірім және заман», «Аброй-адалдық жолы», «Парасыз емтихан» сұхбаттық кездесу өткізіліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бейнетаспа көрсетіліп, «Құқықтық сауаттылық заман талабы» тақырыбында дөңгелек үстел, «Бала құқығы–асыл қазына» «Адам саудасының құрбаны болмаудың жолдары» ІІБ қызметкерлерімен кездесу, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» қабырға газеті байқауы өткізілді.
Колледжде ән-би, техникалық, шығармашылық және 6 спорт үйірмелері жұмыс жасауда, соның ішінде «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының білім алушылары өз жетістіктерімен мақтана алады:
Қожамбек Жұмажан Қазақ күресінен өткен Әлем чемпионатында үздік шығып, екі дүркін ӘЛЕМ ЧЕМПОНЫ атанды.
Қазақстан Республикасы спорт шебері, көркем гимнастикадан Қазақстан чемпионы, Алия Юсупованың шәкірті Еркінқызы Еңлік Азия чемпионатында көркем гимнастикадан командалық құрамда КҮМІС ЖҮЛДЕГЕР атанды.
Самбо күресінен Шымкент қаласында өткен қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатында Оспан Ажар 1-орын иеленіп, қазір Ташкент қаласында өтетін Азия кубогына дайындалуда. Алматы қаласында өткен ҚР чемпионатында Ахметов Ұлар 1-орын иеленді. Семей қаласында жекпе-жек спорт түрінен өткен ҚР кубогы үшінші жарыста Махмудхан Бейбіт жеңімпаз атанды. Украинада Ивано-Франковск қаласындағы халықаралық жарыстың жеңімпазы атанған Абай Асылзат, самбо күресінен Тараз қаласында өткен қыздар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын иеленді, Монғолия елінде Ұлан-Батор қаласындағы Азия чемпионатына дайындалуда. ОҚО Соқырлар Қауымдастығының 80-жылдығына арналған тоғызқұмалақтан 2017-жылдың 20-21 қыркүйегіндегі Республикалық жарыста 1-орын, Теміртау қаласында самбо күресінен Жастар арасында өткен ҚР чемпионатында 3-орын иеленіп, ҚР жастар құрама командасына алынса, Шымкент қаласында жекпе-жек спорт түрінің «ЖЕТ-КУНН-ДО»-дан өткен Халықаралық турнирінде 1-орын иеленіп жеңімпаз атанды. Кикбоксингтен Шымкент қаласында өткен ОҚО чемпионатында 1-орын, босктан әйелдер арасында Алматы қаласы өткен ҚР чемпионатында 3-орын, Осындай іс-шаралар білім алушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.
Осы жылдар аралығында колледжді бітіріп, сапалы маман ретінде облысымыздың әр саласында еңбек етіп жүргендер саны 5011-ге жетті. Олардың арасында өз мамандығының кәсіби шеберлері ретінде танылып, еліміздің басқару қызметтерінде жүргендер де аз емес, олардың ішінде, №68 мектептің директоры орынбасары болған зейнеткер Балажанова Қаншагүл, жоғары санатты мұғалімдер Абуова Гүлмира, Қуашбаева Халипа, Алданазарова Ғайни білім саласындағы озаттар қатарында. Келес аудандық ІІБ басшысының орынбасары Алтынбеков Мадияр Балтабайұлы, Алматы қаласы ІІБ қызметкері Деканадзе Расул, Шымкент қаласы ІІБ қызметкері Ирсалиев Александр, Шымкент қалалық экономикалық сот қызметкері Кенжеханова Мадина, Шабданова Ақтоты колледж түлектері болғандығын мақтан етеді.