«ЕҢ ҮЗДІК ФЕЛЬДШЕР – 2026» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
«ЕҢ ҮЗДІК ФЕЛЬДШЕР – 2026» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

30 қазан күні «Болашақ» жоғары колледжінде «Емдеу ісі» кафедрасының ұйымдастыруымен болашақ медицина мамандарының кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған «Ең үздік фельдшер – 2026» атты байқау өтті.

Байқаудың басты мақсаты – болашақ фельдшерлердің теориялық білімін жетілдіру, кәсіби біліктілігі мен тәжірибелік дағдыларын дамыту, таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыру және үздік студенттерді анықтау.

Білім мен біліктілік сынға түскен сайысқа «Емдеу ісі» мамандығының білімді де белсенді студенттері қатысып, өздерінің кәсіби даярлығы мен шеберліктерін көрсетті. Қатысушылар теориялық білім, тәжірибелік дағдылар, жедел медициналық көмек көрсету және науқаспен дұрыс қарым-қатынас орнату бағыттары бойынша бақ сынады.

Байқаудың әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосқан әділқазылар алқасының құрамында:

  1. Қуашбай Саттар – «Болашақ» жоғары колледжінің директоры, академик, экономика ғылымдарының докторы;
  2. Спандияр Байжигитович Бекжігітов – Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының профессоры;
  3. Нарманов Кенжетай Мырзалыұлы – Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының аға оқытушысы болды.

Әділқазылар алқасы қатысушылардың білім деңгейі мен кәсіби дайындығына жоғары баға беріп, болашақ медицина мамандарының әлеуеті зор екенін атап өтті.

Сайыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Ең үздік фельдшер – 2026» байқауы студенттер үшін өз білімдерін тәжірибе жүзінде дәлелдеуге, кәсіби қабілеттерін шыңдауға және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.

Болашақта адам өміріне араша түсетін білікті де білімді медицина мамандарын даярлауға бағытталған осындай тағылымды іс-шаралар жалғасын таба берсін!

Байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырған «Емдеу ісі» кафедрасының оқытушыларына, әділқазылар алқасына және барлық қатысушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз!

Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Болашақ фельдшерлерге толағай табыс, кәсіби жетістік тілейміз!